Қарағандыда арнаулы орталықтағы бала өлімін тексеретін арнайы комиссия құрылды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында болған оқиғаның себептерін анықтау үшін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысовтың төрағалығымен арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына түрлі басқармалар, департаменттер мен комитет өкілдері кірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Арнайы комиссия құрамына облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар және денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, полиция департаменті бастығының орынбасары, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің басшысы, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының м.а., медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің басшысы, Қарағанды облысы әкімі аппаратының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспекторы кірді.
Орталықта директордың міндетін атқарушы тағайындалды.
«Барлық балалар психиатр-дәрігерлердің, невропатологтардың қатысуымен тексеріледі.
Ведомстволық бағынысты мекемелердің қосымша медицина қызметкерлері тартылды.
Денсаулық сақтау басқармасымен, сондай-ақ жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қызметкерлері қатарынан дәрігерлердің тұрақты кезекшілігі ұйымдастырылды.
Қазіргі уақытта санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің департаменті, Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті 30 күнге дейін созылатын тексерулер жүргізуде», - деп мәлімдеді Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында.
Аталмыш жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеумен облыстың арнайы прокуратурасы айналысады.
Естеріңізге сала кетейік, 30 шілдеде Қарағанды облысының балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында бірнеше бала уланып, оның біреуі қайтыс болды, алтауы жансақтау бөлімінде жатыр.
Бас прокуратура уәкілетті мемлекеттік органдар мен аумақтық прокурорларға елде осындай мекемелерге кешенді тексерулер ұйымдастыруды тапсырды
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният хабарлағандай, ішек инфекциясына жүргізілген сынақ теріс нәтиже берді. Балалардың неден уланғаны әлі анықталмады.