Қарағандыда ашық аспан астында Ұлттық домбыра күні атап өтілді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - 28 маусым күні Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайының алдында Ұлттық домбыра күніне арналған концерт өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қарағанды облысының әкімдігінен мәлім еткендей, музыканттар қазақ композиторларының туындыларын орындады.
Ашық аспан астында Тәттімбет атындағы Академиялық халық аспаптары оркестрі, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі және жас домбырашылар өнер көрсетті.
Концерт Тәттімбеттің «Сарыжайлау» күйінен басталып, Нұрғиса Тілендиевтің «Ата толғауы», Құрманғазының «Адай» және «Сарыарқа» туындыларына ұласты.
«Біз концертке еш дайындықсыз шықтық, тіпті алдын ала жаттыққан да жоқпыз. Жазғы демалысқа қарамастан балалар да қуана қатысты. Елбасы тағайындаған Ұлттық домбыра күні үлкен оқиға. Бұл мереке тек музыка мен өнер сүйер қауымды ғана емес, сондай-ақ кең байтақ еліміздің барлық тұрғындарының басын қосады. Домбыра - біздің халқымыздың нышаны, ажырамас досы. Ол өмір бойы қазақтың жанынан табылып, қиындықта да, қуанышта да бірге болған. Енді бұл аспап әр үйде болады деп ойлаймын, домбыра жаңа лепке ие болады», - дейді Тәттімбет атындағы оркестрдің дирижері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дүйсен Үкібай.

