Қарағандыда ашық құдыққа бала түсіп кеткеннен кейін қақпақты ұрлағандар іздестірілуде

«Қазір құдықтың иесін анықтап жатырмыз. Ол жерден «Қарағанды су» компаниясының кәріз құбырлары немесе «Қазақтелекомның» байланыс желілері өтуі мүмкін. Құдық сол маңайдағы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығына тиеслі болуы да ғажап емес», - дейді қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ескендір Қабидолла.
Оның айтуынша, қараусыз жатқан құдықтың иесі жаауапқа тартылуы қажет.
«Қақпақты ұрлаған екен, бірден заң орындарына шағымданып, орнына бірден жаңасын қою керек болатын. Тіпті болмаған жағдайда құдықтың маңайын қоршалуы тиіс. Сондай-ақ, қызметкерлеріміз ұрыларды анықтап, оларды жауапқа тартқан кездері де болған. Бұл жағдайды да назарда ұстаймыз», - деді бөлім басшысы.
Еске сала кетейік, 19 желтоқсан күні Серік Сәпиев атындағы бокс орталығының маңындағы ашық жатқан кәріз құдығына қыз бала құлап кеткен болатын. Оны маңайдан өтіп бара жатқан әскери қызметкер Зәуре Шақабаева шығарып алған еді.