Қарағандыда атышулы адам өліміне қатысты үкім шықты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Абай қаласының тұрғыны астаналық Ерболат Жақсыгелдинді өлтіргені үшін 16 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қарағандыда атышулы адам өліміне қатысты үкім шықты

Атышулы қылмыс өткен жылдың 23 қыркүйегінде орын алды. Екі баланың әкесі Ерболат Жақсыгелдин өзінің автомобилімен  шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған. Ұялы телефонына келген қоңырауларға жауап бермеген. Туыстары құқық қорғау органдарына оның жоғалғандығы туралы өтініш жазған. Себебі, ол бұрын-соңды отбасынан ұзақ уақытқа ескертусіз кетпеген.

Бір ай өткеннен кейін, 30 қазанда, Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері Абай қаласының маңынан суға батқан автомобильді көрген. Полицейлер көлікті жағаға шығарып, ішінен Астана тұрғынының мәйітін табады.

Тергеу барысында Қарағанды облысының полицейлері 30 жастағы Жеңіс Қайыржановты күдікті ретінде тұтқындады . Анықталғандай, Ерболат Жақсыгелдин Абай қаласының тұрғыны Жеңіс Қайыржановтың үйіне қонаққа келген. Тергеу нұсқасы бойынша, үйдің иесі әйелін қызғанғандықтан жанжал орын алып, адам өлтіруге себепші болған. Қылмыскер Астана тұрғынын бірнеше рет жарақаттап, салдарынан ер кісі қаза тапқан.

Қарағанды облыстық мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жеңіс Қайыржановқа ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы «адам өлтіру» және 202-бабы «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру» бойынша айыпты деп танып, 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.  

«Қылмыстық кодекстің 99-бабы бойынша сотталушыға 15 жыл, ал 202-бап бойынша - бір жыл бас бостандығынан айыру тағайындалды. Жеңіс Қайыржанов қатаң режимдегі колонияда 16 жыл жазасын өтейтін болады», - деп үкім шығарды судьяБекзат Шалғымбаев.

Сонымен қатар, судья қаза табушының ағасының шағымын қанағаттандырып, сотталушыға бір айдың ішінде моральдық қайғы-қасірет үшін бір жарым миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді.

Сондай-ақ, сотталушы өзінің ар-намысы мен әйелінің абыройын қорғағанын алға тартып, үкімге шағым түсірмекші.

Бұрын сот залында қаза табушы мен сотталушының туыстарының арасында жанжал туған еді. Қаза тапқан Астана тұрғынының отбасы сотталушыға тіл тигізген. Судья жәбірленушінің отбасына сот залында осындай тәртіп бұзушылық қайталанса, ірі көлемде айыппұл салып, әкімшілік жазаға тартатынын ескерткен.