Қарағандыда бақташылар полицияға жоғалған малын ұрланды деп шағым түсірген

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында полицейлер жайылымда жоғалып кеткен малдарды иелеріне қайтарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандыда бақташылар полицияға жоғалған малын ұрланды деп шағым түсірген

Облыстық ІІД өкілдерінің айтуынша, үстіміздегі жылдың 20 тамызында Абай ауданындағы Сарепті ауылының тұрғыны полицияға қыстаудан шыққан соң 63 қойының жоғалғанын айтып өтініш түсірген. Ол малы жоғалғанын білген тұста өз бетімен іздей берген. Алайда табыла қоймаған соң, полицияға жүгінген.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 63 қойдың 23-і Қоянды бөлімшесінің маңынан табылып, иесіне қайтарылды. Қазіргі кезде қалған 40 қойды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бұдан тыс, 13 тамыз күні Осакаров ішкі істер бөліміне шаруа қожалығының иесі келіп, белгісіз біреулер жайылымдағы 23 қойын ұрлап кеткенін айтып шағымданған. Іздестіру шаралары кезінде қойлар Батпақ ауылының маңынан табылды. Анықталуынша, қойды ешкім ұрламаған, тек қараусыз қалған мал өз бетімен жайылып жүріп, басқа жаққа ауып кеткен болып шықты.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, 15-23 тамыз аралығында облыстың ішкі істер органдарына тағы 4 азамат мал ұрланды деген өтінішпен келген. Осы жоғалған малдың барлығы полицияның күш салуымен табылып, иелеріне қайтарылған. Бірақ олардың ешқайсысында ұрлық дерегі анықталмаған.

«Мал көбінесе иелерінің бейқамдығынан жоғалады. Ал олар полицияға келіп малымды ұрлап кетті деп арызданады. Мұндай жағдайлар полицияның күші мен қаражаттарының жиі жұмсалуына әкеп соқтырады», дейді облыстық ІІД өкілдері.