Қарағандыда балалар алаңына пышақтар қадаған әйелге үкім шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласының мамандандырылған әкімшілік соты балалардың ойын алаңы мен гүлзардың арасына пышақтарды қадап кеткен әйелге үкім шығарды, деп хабарлайды ekaraganda.kz сайты.

Қарағандыда балалар алаңына пышақтар қадаған әйелге үкім шықты

«Қоғамдық орындарда пышақтар қадап жүрген әйелге әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, 8, 418 мың теңге айыппұл салынды. Оқиға Университет және Язев көшелерінің қиылысында болған. Қарағандылық әйел ҚарМУ алдындағы гүлзарға 127 пышақ қадап, ұсақ бұзақылық жасаған», - деп мәлімдеді облыстық соттың баспасөз хатшысы Гүлбаршын Жітікова.

Еске сала кетейік, елді дүрліктірген оқиға Қарағандыда жаздың ортасында болды. Қарағандының тұрғыны балалар алаңында жерге қадалған 72 пышақты байқап, дабыл қаққан. Бір аптадан соң оқиға қайталанды. Бұл жол гүлзар  арасынан 36 пышақ табылды. 

Полиция қызметкерлері 68 жастағы әйелді ұстады. Ол ауыратын аяғын осындай дәстүрлі емес медицина әдісімен емдемек болғанын және мұны журналдардың бірінен оқығанын айтқан.