Қарағандыда балалар реаниматологын көлік қағып кетті
Операцияға асығып бара жатқан балалар реаниматологының жағдайы ауыр деп бағалануда.
15 тамызда «Мazda» көлігінің 18 жастағы жүргізушісі Ержанов көшесімен Газалиев көшесіне қарай келе жатқанда, реттелмейтін жаяу жүргіншілер жолағында 55 жастағы қала тұрғынын қағып кетті.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан түрлі дене жарақатын алған зардап шегуші медициналық мекемеге жеткізілді. Белгілі болғандай, ол ота жасауға асығып бара жатқан реаниматолог дәрігер болып шықты.
«Қазір ол Мақажанов атындағы травматология орталығының жансақтау бөлімінде жатыр. Төтенше жағдай операцияға шақырған аурухананың маңында болған. Ер адамның қолы мен аяғы сынып, басы жарақаттанған. Жағдайы ауыр деп бағаланып отыр», - деп хабарлады Қарағанды облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Аталған факті бойынша, ҚР ҚК 345-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталып, қажетті сараптамалар тағайындалды.