Қарағандыда белгісіз біреулер қаладағы ескерткіштерді бүлдіріп кетті

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандының орталық көшесінде белгісіз біреулер автобус аялдамаларының павильондары мен кеншілер астанасының құрылған күні жазылған қаланың паспортын шимайлап кеткен. Полиция тәртіп бұзған адамдарды іздеп жатыр.
None

Олар табылған жағдайда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Вандализм актісі туралы бейнені Қарағанды қаласының Қазыбек би ауданының әкімі Ералы Оспанов әлеуметтік желілердегі парақшасында жариялады.

«Менде «суретшіге» бірнеше сұрағым бар. Неге? Неліктен ? Және бұл не өзі ?... Тым құрығанда, бұл ою-өрнектер нені білдіретінін түсіндірсе екен. Неліктен олар осы суретті үйлерінде салмайды екен ? Бұл қабырғаларды жұмысшылар бояды, тер төгіп еңбек етті. Әрине, біз оны қайта бояймыз. Бірақ мұны істегендерге менің жекеме жазуын өтінемін. Сіздер оны не үшін салғандарыңызды түсіндіріңіздерші», - деп жазды аудан әкімі.


Айта кету керек, вандалдар сәулет ескерткішін ғана емес, Абай көшесіндегі үйлердің қабырғалары мен аялдама павильондарын да шимайлаған.

Барлық жерде бұзақылар бірдей түсініксіз бейнені салған. Бұл өз кезегінде тұрғындардың наразылығын тудырды. Әлеуметтік желілер арқылы жұртшылық кінәлілерді жазалау керек дейді. Қазір полиция күдіктілерді көшелердегі бейнебақылау камералары арқылы анықтауға кірісті. Қаланың абаттандырылған жерлерінің бүліну фактісі бойынша іс қозғалды.

«Абай көшесіндегі үйлер мен аялдамаларды бояу фактісі полицияда тіркелді. Қазіргі уақытта учаскелік полиция инспекторлары аталған күдікті азаматты іздеуде. Ұсталған жағдайда оларға ҚР ӘҚБтК 505-бабына сәйкес 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін», - деп түсіндірді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.


Соңғы жаңалықтар