Қарағандыда бопсалаумен айналысқан жалған полицей ұсталды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда өзін полиция қызметкері деп таныстырып, ақша бопсалаумен айналысқан 29 жастағы ер адам ұсталды.
«Жедел-іздеу шараларының барысында облыстық ІІД-нің жеке қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері ақша бопсалаумен айналысқан жалған полицейді, сондай-ақ оның сыбайластарын ұстады. Қарағандының бұрын сотталған 29 жастағы тұрғыны бопсалау кестесін құрған.
Сыбайластарының көмегімен әлеуметтік желілердің бірінде бойжеткеннің атынан парақша құрып, онда ер адамдармен хат алмасып, жыныстық қатынастарға түсуді ұсынған», - деп хабарлады облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.
«Қармаққа» Теміртау қаласының 38 жастағы тұрғыны түсті. Құқық қорғау органдарының ақпаратынша, ол жаңадан танысқан бойжеткенмен кездесу үшін жалдамалы пәтерге келген. Көп ұзамай пәтерге өздерін құқық қорғау қызметкерлері деп таныстырып, оны кәмелеттік жасқа жетпеген қызға қатысты азғындық әрекеттері үшін айыптаған бірнеше адам келді. Бұл ретте жалған қызметтік куәлік көрсетіліп, жалған куәгерлердің қатысуымен тінту өткізілді.
Полицияның мәліметтерінше, жәбірленуші қылмыстық жауапкершіліктен босатылу үшін бопсалаушыларға 60 мың теңге берді, олар болса, ер адамнан тағы 5 мың доллар беруді талап еткен.
Ер адам облыстық ІІД-нің жеке қауіпсіздік басқармасына өтініш жазған соң, оның қызметкерлері жедел-тергеу шараларының кешенін өткізді.
«Күдікті ақшаны беру кезінде ұсталды. Қазіргі уақытта бір топ адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғалды, сот алдындағы тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталғандардың барлығы уақытша қамауға алынды», - деп қосып өтті облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.