Қарағандыда денсаулық сақтау саласының үздік мамандары марапатталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін кеншілер мәдениет сарайында денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. 8 үздік маман диплом мен облыс әкімінің сыйлығын иеленді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Салтанатты шараны Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ашты.
«Құрметті медицина қызметкерлері, бүгін біз сіздерді, ең абзал мамандарды ұлықтау үшін жиналып отырмыз. Сіздердің әріптестеріңіз айтпақшы, медицина - ол махаббат. Әйтпесе оның мәні жоқ. Мүмкін тек осы себепті көп уақытты мамандықты үйрену үшін оқуға жұмсап, сонан соң ең маңызды зат - адам өмірін сақтап қалуға бар күштеріңізді жұмсайсыздар», - деді аймақ басшысы.
Сонымен қоса облыс әкімі дәрігерлерімізге кейде ыңғайсыз жағдайда жұмыс істеуге тура келетінін, алайда соған қарамастан олар кәсібилігінің арқасында әрдайым тығырықтан шығар жол таба алатынын айтты. Денсаулық сақтау саласындағы проблемалар біртіндеп шешіледі. Алдағы жоспарда облыстық аурухананың жаңа ғимаратының және Қарағандыдағы онкологиялық диспансердің операциялық блогының құрылысы тұр.
Өз сөзін қорытындылай келе облыс әкімі денсаулық сақтау саласының барлық қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады: «Мемлекет басшысы әрдайым ұлт денсаулығы - ел болашағының негізі екенін қадап айтады. Сол болашақ сіздердің қолдарыңызда. Барлық қарағандылықтардың атынан медицина қызметкерлеріне алғысымды білдіргім келеді. Біз сіздерден ғажайып күтеміз, ал сіздер сол ғажапты қолдарыңызбен жасайсыздар. Сіздерде шұғыл жағдайлар аз, ал риза емделушілер көп болсын».
Биыл облыс әкімі сыйлығының лауреаты атанғандар:
«Үздік терапевт» номинациясында - «Теміртау қаласының №1 емханасы» ЖТД 2 бөлімшесінің меңгерушісі Валентина Марченко;
«Үздік жалпы тәжірибе дәрігері» - «Нұра ауданының орталық аудандық ауруханасы» ҚММ жалпы тәжірибе дәрігері Жібек Білденова;
«Үздік медбике» - «Саран қаласының орталық ауруханасы» ҚММ медициналық бикесі Ирина Шперлинг;
«Үздік акушер-гинеколог» - «Балқаш қаласының орталық ауруханасы» ҚММ бөлім меңгерушісі Роза Терлікбаева;
«Үздік педиатр» - «Қарағанды қалалық балалар ауруханасы» ҚММ педиатр дәрігері Людмила Елякина;
«Үздік хирург» - «Облыстық медициналық орталық» ҚММ оториноларингологиялық бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Күлмағанбетов;
«Үздік денсаулық сақтау ұйымдастырушысы» - «Қарағанды қаласының №3 емханасы» ҚММ директоры Сәния Боранқұлова.
Әр лауреатқа 200 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.
Қарағанды обысы әкімінің 600 мың теңгені құрайтын «Өз ісіне адалдығы үшін» арнайы сыйлығын «Профессор Мақажанов атындағы облыстық травмотология және ортопедия орталығы» ҚММ Қайта қалыпқа келтіру және реабилитация орталығының жетекшісі Отан Макішев иеленді. Үздік маманға сыйлықты облыс әкімі өзі табыс етті.
Медицина қызметкерлерінің күні Қазақстанда жыл сайын маусымның үшінші жексенбісінде аталып өтеді.
Қарағанды облысы әкімінің сыйлығы 2006-шы жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың денсаулық сақтау саласының алдына қойған мақсаттары мен міндеттерін орындауда медицина қызметкерлерінің атқарған еңбектерін және аймағымыздағы осы саланың дамуындағы зор үлестерін бағалау белгісі ретінде тағайындалған болатын.