12:56, 18 Наурыз 2017 | GMT +5
Қарағандыда егеуқұйрықтармен күрес шарасы бойынша аудан әкіміне айыппұл салынды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда кеміргіштер және жәндіктердің көзін жою бойынша конкурс рәсімін дұрыс жүргізбеген аудан әкімі сотқа шақырту алды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қарағанды қаласы мамандандырылған әкімшілік сотының хабарлауынша, Октябрь ауданының әкімі Ержан Темірханов дератизация мен дезинсекция бойынша, яғни, кеміргіштер мен зиянкестердің көзін жою қызметтерін көрсетуге конкурс өткізуде «Мемлекеттік сатып алулар туралы» заңды бұзды деп айыпталды.
Қызметтерге тапсырыс беруші ықтимал орындаушылардан кеміргіштерді жою саласында жұмыс тәжірибесін сұраған. Ал заң бойынша, байқауға қатысушыларға қосымша талаптар артуға тыйым салынған.
Сот Октябрь ауданының әкімін жіберілген құқық бұзушылыққа жауапты деп тапты және оған 100 АЭК-тің 30 пайызы көлемінде 158 мың 830 теңге айыппұл төлеуді міндеттеді.