Қарағандыда екі адамды өлтірген күдіктілер ұсталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Бүгін таңертең Қарағандыдағы жер үйлердің бірінен екі ер адамның денесі табылды. Полицейлер ізін суытпай екі күдіктіні ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандыда екі адамды өлтірген күдіктілер ұсталды

4 қарашада сағат 11.30 шамасында Қарағандыда жер үйдің ауласында пышақ жарақаты бар екі ер адамның мәйіті табылды. Полицейлер марқұмдардың бірі 59 жастағы үй иесі, екіншісі – осы құрылыста жөндеу жұмыстарын жүргізген құрылыс бригадасының 72 жастағы бригадирі екенін анықтады. Куәгерлер көрсеткендей, екі жұмысшы жәбірленушілерге пышақ жарақатын салып, ауладағы көлікті ұрлап, қашып кеткен.

«Тосқауыл» операциясы жарияланды. Қаскүнемдер мінген көлік бірден облыстық полиция департаментінің бейнебақылау камераларына түсті. Жедел кезекші оның қозғалысын қадағалап, барлық ақпаратты патрульдік полиция экипаждарына берді. «Ізін суытпай» жедел әрекет ету нәтижесінде Теміртау қалас ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Қарағанды-Теміртау автожолында ұрланған көлік құралын байқаған. Олар көлікпен қашпақшы болған екі күдіктіні – 34 және 39 жастағы ер адамдарды құрықтады. Ұсталғандар кінәсін мойындады. Қылмыс құралы тәркіленді», - деп мәлімдеді Қарағанды облысы ПД бастығы Ерлан Файзуллин.

ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері бұл оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтап жатыр.