Қарағандыда экология департаментінің қызметкері 3 жылға сотталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда Экология департаментінің қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты. Сот оны алаяқтық әрекеті бойынша үш жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты «Қарағанды облысы бойынша экология департаменті» РММ бас маманының алаяқтық әрекетіне қатысты үкім шығарды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары Департамент қызметкеріне ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі-190-бабының 3-бөлігі-1, 2-тармақтары бойынша алаяқтық жасағанын анықтады. Яғни мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша ірі мөлшерде алдау жолымен бөтеннің мүлкін ұрлады.

Экология департаментінің өкілі кәсіпорынға тексеру жүргізіп, онда қоршаған ортаға зиян келтірген экологиялық заңнама талаптарының бұзылғанын анықтаған. Содан кейін эколог осы ЖШС-ның техникалық директорымен бірлесіп, бұл жағдайдан қалай пайда табуға болатынын ойластырған. Осылайша, департамент қызметкері қорытындыда серіктестіктің экологияға келтірген залалының ең жоғары сомасын көрсетуге, ал кейіннен 10 млн теңге мөлшерінде сыйақы берсе, залал сомасын азайтатынын жеткізген. Осындай өтінішпен техникалық директор компанияның құрылтайшыларына барады. Алайда ЖШС басшылығы пара беруден бас тартып, құқық қорғау органдарына хабар береді. Нәтижесінде, экология департаментінің бас маманы және ЖШС техникалық директоры ақша алу барысында, яғни қылмыс үстінде ұсталды.

Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен, сондай-ақ мойындау айғақтарымен дәлелденді.

Бұл жағдайда прокурор айыпталушыны 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал қорғаушы тарап жұмсақ үкім шығаруды өтінді.

Айта кету керек, Қылмыстық кодекске сәйкес, мұндай қылмыс үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Жазаны таңдау кезінде сот айыпталушының кінәсін мойындағанын және өзі жалғыз кәмелетке толмаған бала тәрбиелеп отырғанын ескеріп, бұл жайттарды кінәні жеңілдететін мән-жай деп қарастырды. Алайда кінәні ауырлататын мән-жай да жоқ емес – ол қызметкердің қабылданған антын бұзуы.

«Сот үкімімен К. үкімді орындау мерзімін 5 (бес) жылға дейін ұзарта отырып, бірақ бала он төрт жасқа толғанға дейін 3 жылға бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ, сотталған адам өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Ж-ға қатысты (ЖШС техникалық директоры) қайтыс болуына байланысты іс тоқтатылды», - деп хабарлады Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар