Қарағандыда елді дүрліктірген адам өлімі оқиғасына қатысты сот ісі басталды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Абай қаласының тұрғыны сот алдында астаналық Ерболат Жақсыгелдинді өлтіріп, автомобилін суға батырды деген айып бойынша жауап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Атышулы қылмыс өткен жылдың 23 қыркүйегінде орын алды. Екі баланың әкесі Ерболат Жақсыгелдин өзінің автомобилімен шығып кетіп, із-түссіз жоғалған. Ұялы телефонына келген қоңырауларға жауап бермеген. Туыстары құқық қорғау органдарына оның жоғалғандығы туралы өтініш жазған. Себебі, ол бұрын-соңды отбасынан ұзақ уақытқа ескертусіз кетпеген.
Бір ай өткеннен кейін, 30 қазанда Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері Абай қаласының маңынан суға батқан автомобильді көрген. Полицейлер көлікті жағаға шығарып, ішінен Астана тұрғынының мәйітін табады.
Тергеу барысында Қарағанды облысының полицейлері 30 жастағы Жеңіс Қайыржановты күдікті ретінде тұтқындады. Анықталғандай, Ерболат Жақсыгелдин Абай қаласының тұрғыны Жеңіс Қайыржановтың үйіне қонаққа келген. Тергеу нұсқасы бойынша, үйдің иесі әйелін қызғанғандықтан жанжал орын алып, адам өлтіруге себепші болған. Қылмыскер Астана тұрғынын бірнеше рет жарақаттап, салдарынан ер кісі қаза тапты.
Сотталушы қазір мамандандырылған ауданаралық сотының залында қамауда отыр. Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы «адам өлтіру» және 202-бабы «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру» бойынша айып тағылды.