Қарағандыда электр сымынан жарақат алған аққу мерт болды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының орман инспекторлары мерт болған сыңарын тастап кете алмаған аққуды құтқарды. Бұл туралы ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Фейсбуктегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2018 жылдың 6 қыркүйегінде Қарағанды облысы Абай қаласының тұрғыны Аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясына хабарласып, қала маңында аққуға ұқсас екі құстың жатқанын хабарлаған. Инспекция мамандары Қарағанды зообағының ветеринария қызметімен бірге оқиға орнына барды», - деп жазды С. Ділдахмет.
Оқиға орнына келген мамандар құстардың сұңқылдақ аққулар екендігін анықтаған. Аққудың бұл түрі сирек кездесетін немесе жоғалу қаупі бар құстар қатарына жатпайды.
«Қос аққудың бірі жоғары вольтті электр сымына ұрынып, өлген. Құс тұмсығындағы терең жара осыны айғақтайды. Екінші аққу мерт болған сыңарынан тастап кете алмаған және қатты әлсіреген. Себебі, аққулар моногамды (бір некелі) болып саналады. Тірі қалған аққу Қарағанды облысының зообағына берілді», - дейді С. Ділдахмет.
Визуалды тексеру барысында екі құстан да ату жарақаты табылған жоқ.