Қарағандыда есірткі тасымалдаушы 12 жылға сотталды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда есірткі тасымалдаушыға 12 жылға бас бостандығынан айыру үкімі кесілді, деп хабарлады Қарағанды облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
«Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шахаббас Велоевқа қатысты үкім жарияланды, ол ҚР ҚК «Аса ірі көлемде есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, тасымалдау, сақтау» 259-бабы 3-бөлігі «а», «в» тармақтары бойынша айыпталды. Сот оны айыпты деп танып, қатаң режімдегі түзеу мекемесіне жібере отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру үкімін шығарды», - делінген хабарламада.
Тергеу материалдары бойынша 2014 жылғы қыркүйекте Қырғыз Республикасының азаматы Ш. Велв белгісіз адаммен ірі көлемде заңсыз түрде есірткі затын Қарағанды аумағына көлікпен жеткізуге сөз байласады. Заттың жалпы салмағы - 40 келіден астам.
Үкім заңды күшіне енген жоқ, апелляциялық шағым беруіне немесе наразылық білдіруіне болады.