Қарағандыда фин әдісімен білім беретін 700 орындық мектеп салынады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – 2022 жылдың көктемінде Қарағандыда 700 оқушыға арналған жеке заманауи мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Жаңа оқу орны «Таугүл» шағын ауданында салынады. Инвестор малайзиялық компания, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек пен Малайзияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дата Сайед Мохамад Бакри құрылыстың мерзімдері мен жоспарларын талқылады.
Болашақ мектеп нөлден 11-ші сыныпқа дейінгі оқушыларға арналған. Білім ошағына төменгі сынып оқушылары мен үлкендерге арналған бөлек корпустар, үлкен спорт алаңы салынады. Рекреациялық аймақ оқу кешенінің барлық аумағының 50%-ын алады. Оқыту тілдері – қазақ, орыс және ағылшын. Фин оқыту әдістемесі негізге алынады. Дарынды балалар үшін мемлекеттік гранттар қарастырылған.

«Оқыту фин әдісі бойынша өтеді. Бұл оқытудың стандартты жүйесі емес, ол сыни ойлауды дамытуға бағытталған. Жергілікті мұғалімдер сабақ береді. Олар сингапурлық және фин мамандарынан тағылымдамадан өтеді. Біз үлкен жоспар құрып отырмыз – әр облыс орталығында жекеменшік мектеп салғымыз келеді», – деді «King Developmen» ЖШС Бас директорының орынбасары Шыңғыс Аханов.
«Қарағандыда мектептерге деген қажеттілік жоғары. Қаланың әртүрлі аймақтарында жеті мектеп қажет. Бірақ сіздер құрып жатқан сегмент бізде жоқ. Сондықтан біз жобаны іске асыру кезінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», - деп атап өтті аймақ басшысы.

