Қарағандыда ірі азық-түлік логистикалық орталығы салынады

«Елбасының аграрлық секторды экономиканы дамытудың жаңа драйвері ету туралы тапсырмасы бар. Бүгінгі таңда біз көтерме-үлестіру логистикалық орталығының құрылысын бастадық. Бұл біздің облысымызға өте маңызды және қажет нысан. Ең бастысы - бұл барлық халық үшін азық-түлік бағасын төмендетуге көмектеседі», - деді Ерлан Қошанов құрылыс алаңында естелік капсуласын салу салтанатында.
Жобаны іске асыру 2017 жылдан 2019 жалға дейін екі кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңнің құны 10,5 млрд. теңгені құрайды. Оның ішіне көтерме- азық-түлік орталығының, қоймалардың, көкөніс сақтау орындарының кедендік рәсімдеу аумағының құрылысы кіреді. Көтерме-логистикалық орталықтың қуаттылығы тауарларды жүктеу - жүк түсіру және жүкті өндеу бойынша жылына 350 мың тоннадан асады.
Жоба инвесторы - танымал қарағандылық кәсіпкер Анвар Осин. Орталықтың құрылысына компания меншікті және қарызға алынған қаражатын салады. «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша бұл жобаға қолдау көрсетіледі. Мемлекеттік қаражат есебінен қажетті инфрақұрылым салынып, темір жол торабы өткізіледі деп жоспарлануда.
«Көтерме-үлестіру логистикалық орталығы аймағымызды және елімізді азық-түлікпен қамту мақсатында салынғалы жатыр. Келешекте көршілес елдерге де таратылатын болады. Мұнда жергілікті ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретіндер өз өнімдерін делдалсыз өткізе алады. Оларға 2500 сауда орындары беріледі. Көтерме саудамен қатар демалыс күндері бөлшек сауда да ұйымдастырылатын болады, - дейді «Альфарух» ЖШС қаржылық директоры Тамир Даутов. - Облысымызда өсірілген көкөністерді және ауыл шаруашылық кооперативтерінен келген мал өнімдерін сақтау қарастырылады».
Орталық 2018 жылдық үшінші тоқсанында іске қосылады деп жоспарлануда.