Қарағандыда қақаған суықта жүк көлігі өртенді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында жүк көлігін қыздырмақ болған кезде ол өртке оранды, деп хабарлады ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі.
«25 желтоқсан күні сағат 13:18-де Қарағандыдағы «Шығыс» базарының аумағында «MAN» маркалы жүк көлігінің 8 шаршы метрі өртенді. Өрттің салдарынан оның қасында тұрған «Volvo» және «Scania» маркалы екі жүк көлігі зақымданды. Жалын сағат 13:32-де ауыздықталып, 13:38-де толық сөндірілді. Көліктің жүргізушісі күйік шалып, ауруханаға жеткізілді», - делінген хабарламада.
Алдын ала нұсқа бойынша, өрттің шығуына отын багын дәнекерлейтін лампамен қыздыру себеп болған. Оқиға орнына Қарағанды облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметіндегі жеке құрамның 25 адамы мен 5 техника бірлігі шықты.