Қарағандыда қала маңына қатынайтын автобустар жолақысы арзандайды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында жеті қала маңындағы маршруттармен жүру арзанырақ болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ONAY электрондық жүйесін пайдалану тәжірибесі Қарағандыда оң нәтиже беруде. Бүгінгі таңда төлемдердің 96%-ы электронды түрде өтуде. Бұл жүйені қалааралық автобустарда, атап айтқанда серіктес қалаларда енгізу кейбір маршруттарда жол жүру құнын екі есеге жуық төмендетуге мүмкіндік береді. Айырмашылық айтарлықтай», — деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Жаңа тариф ай сайын 500 мыңға жуық жолаушыны тасымалдайтын маршруттарда жүзеге асырылады. Бұл № 100 және 107 (Қарағанды — Теміртау), № 121 (Қарағанды — Шахтинск), № 122 (Қарағанды — Топар), № 127 (Қарағанды — Шахан), № 146 (Қарағанды — Абай) және № 165 (Қарағанды — Саран) автобустар.

Қала маңындағы маршруттарда электрондық билеттеу жүйесі енгізілгеннен кейін жолаушылар QR, көлік коды немесе SMS көмегімен көлік картасымен («Бірыңғай», Virtual, «Әлеуметтік», «Зейнеткер») жол жүру ақысын төлеген кезде 80 теңге төлейтін болады. «7—15 жастағы балалар» картасы бойынша жол жүру құны — 40 теңге.

Қазір Қарағанды — Шахтинск автобустарында жол жүру құны — 190 тг., Қарағанды — Топар — 180 тг., Қарағанды — Теміртау — 150 тг., Қарағанды — Саран — 95 тг., Қарағанды — Абай — 170 тг., Қарағанды — Шахан — 175 тг. Жол ақысын қолма-қол төлейтіндер үшін баға өзгеріссіз қалады.

Облыстық маршруттарда жеңілдіктер қолданылмайды. «Әлеуметтік» және «Зейнеткер» карталарының иелері үшін жол жүру жалпы тариф бойынша — 80 теңге болады.

Сондай-ақ қала маңындағы қоғамдық көлікті жаңарту жалғасады. Биыл № 3 автобус паркі QazTehna зауытынан 25 жаңа автобус сатып алуды жоспарлап отыр.

Фото: gov.kz



Соңғы жаңалықтар