Қарағандыда қалалық «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының кезекті маусымы ашылды
Ашылу салтанатына жастар арасында танымал, әлеуметтік желілерде белсенді, жанкүйер көзайымына арналған әншілер арнайы шақырылды. Іс-шарада алдағы еңбек маусымына арналған жылы тілектер айтылды, жастардың көңілін көтеру мақсатында қызықты ойындар ұйымдастырылды. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының басты мақсаты – еліміздің экологиялық тазалығына назар аудару, жастарды тәрбиелік мақсатта еңбекке баулу, сонымен бірге, олардың өздігімен қаражат тауып, отбасына қолғабыс тигізуіне мүмкіндік беру.
Қаладағы жастардың еңбек жасақтарының қатарына қосылуға қызығушылығы жоғары болғандықтан, осы жылы «Жасыл ел» қатарын 1000 адамға толтыру жоспарланды. Қабылдау басымдығы халықтың әлеуметтік осал топтарының жастарына беріледі. Сарбаздар саябақтар және гүлзарларды абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарын атқарады, берілген аумақты қоқыстардан тазартады, жаңа достар табады, қоғаммен әрі табиғатпен байланысын күшейтеді. Біздің қоршаған ортамыз ертеңгі болашақ ұрпағымызға қалдыратын үлкен мұра болғандықтан, жастар еңбек жасақтары қоғамның дамуына өздерінің зор үлестерін тигізуде.
Бағдарламаға қатысушылардың жалақысы да жыл сайын артып келеді. Осы жылы жастар еңбек жасақтарының жалақысы 14 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін 70 000 теңге, ал 16 жастан асқан жастар үшін 105 000 теңгені құрайды. «Жасыл ел» қатарындағы сарбаздардың барлығы жаңа, әрі сапалы бірыңғай арнайы киіммен қамтамасыз етіледі. Қарағанды қаласының «Жасыл ел» ЖЕЖ сарбаздары тек жұмыс жасап қана қоймайды, олар үшін мәдениет, спорт, білім саласына байланысты, ой өрістерін дамыту мен көңілді уақыт өткізу үшін әртүрлі мерекелік іс - шаралар, тренингтер мен челлендждер, экологиялық акциялар ұйымдастырылады. Жұмыс уақыты аптаның бес жұмыс күнін құрай отыра, бір айға созылады. Сонымен бірге, «Жасыл ел» ЖЕЖ-ға қатысу үдерістерін едәуір жеңілдету мақсатында «Jasyl el Qaragandy» цифрлық ақпараттық жүйесі іске қосылды. Ақпараттық жүйе қаладағы жобаға қызығушылық танытқан жастардың жұмыс істеу барысы үшін қолайлы жағдай жасайды.
«Жасыл ел» сарбазы болу – еліміздің экологиялық ахуалына жақсы жағынан әсер етуші тұлға ретінде дамуды көздейтін, әрі мектеп пен оқу орнынан тыс уақытын тиімді өткізгісі келетін жастар үшін үлкен мүмкіндіктердің бірі.