Қарағандыда «ҚАРЛАГ Архипелаг» көрмесі ашылды

 ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «ҚАРЛАГ Архипелаг» көрмесі ашылды. Бұл туралы өңір әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Қарағандыда «ҚАРЛАГ Архипелаг» көрмесі ашылды

  - Бұл көрмені бейнелеу өнері мұражайы мен «ҚАРЛАГ: Болашақ үшін ұмытылмас» ғылыми-зерттеу орталығының бірлесіп ұйымдастырды. Орталық «Болашақ» академиясында 10 жылдан астам уақыт бойы заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Дулатбековтың басшылығымен жұмыс жасауда. Ол осы көрменің авторы және құрушысы болып табылады, - деді «Болашақ» академиясының бірінші проректоры Гүлнәр Рысмағамбетова.

   Экспозиция - Алмагүл Меңлібаева, Айнұр Сәденова, Сырлыбек Бекботаев есімді суретшілердің және «ҚАРЛАГ: Болашақ үшін ұмытылмас» зерттеу орталығының үш жылдық зерттеу жұмыстарының нәтижесі.

   Жоба жетекшісі, еліміздің қазіргі заманғы өнерінің жарқын өкілдерінің бірі Алмагүл Меңлібаеванының танымал жұмыстарының бірі - Долинкада орналасқан Карлаг мұражайы туралы бейне-инсталляция. 
Көрмеде бейнелеу нысандары, инсталляциялар, бейне-арт және концептуалды фотосуреттер келтірілген. 10 жыл ішінде «ҚАРЛАГ: Болашақ үшін ұмытылмас» ғылыми-зерттеу орталығы 34 кітап басып шығарған, оларды экспонаттар арасынан көруге болады. 
Көрмеде Сырлыбек Бекботаевтың «Қызыл Фильтр» фотосуреттер топтамасы ұсынылып отыр, ол - «Алаш» партиясының ХХ ғасырдың 37 жылдары қуғындалған мүшелерінің тарихи портреттері. Қуғынға ұшыраған патриоттарды тану барысында суретші өткен күндермен байланысты қалпына келтіруге және ол байланысты ешқашан үзбеуге, қуғынға түскен адамдар тарихын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отыруға шақырады.
- Мұнда қызыл түс бекерден таңдалған жоқ. Бұл коммунизмнің белгісі бір суреттен екіншісіне ауысып отырады, осылайша кейіпкерлерді бірегей тарихи контекстке біріктіреді, - дейді суретші.

  Көрмеде ұсынылатын көрсетілімдердің ең ірісіне жататыны - «Сылдырмақ», қазақ бесігінің үлкейтілген нұсқасы. Босап қалған және барлығын бір уақытта сыйдырып алуға дайын тұрған бесік туған жер тыныштығы мен қорғанысының кепілі, символы іспеттес. Бесік Айнұр Сәденованың «Аналар зираты» деп аталатын жұмысымен үндеседі. 
«ҚАРЛАГ Архипелаг» жобасы - Қазақстандық лагерлердің тұтқындарына деген құрмет және бастан өткерген антигуманизмді ұғыну. 
Көрме 10 қарашаға дейін Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында, Бұқар Жырау даңғылы, 76 мекенжайы бойынша өтеді.