Қарағандыда кәсіпкерлер мәселесін арнайы комиссия шешеді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімдігі жанынан кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комиссия құрылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі консультациялық-кеңесші комиссияның бірінші отырысы өтті. Кеңес құрамына өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен бизнес-қауымдастықтардың өкілдері енген. Мұндай отырысты ай сайын өткізіп тұру туралы шешім қабылданды, ал оның аралығында жұмыс топтары әрекет ететін болады.
Отырысқа дейін өңір басшысы Ерлан Қошанов жергілікті бизнес өкілдерімен кездесті. Кездесуде кәсіпкерлер өзекті мәселелерін ортаға салып, бірқатар мәселелердің түйінін шешті. «Бұл біздің бірінші отырысымыз. Енді өңірдегі бизнес ахуалды жақсартып, инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін бірге жұмыс істейтін боламыз», - деді өңір басшысы.
Облыс әкімінің орынбасары Марғұлан Кәрібеков өзекті мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Ол Қарағандыдағы заңды тұлғалардың төрттен бірі үшін суға тарифтерді төмендету туралы уағдаластықтарға қол жеткізгенін хабарлады. Жылына 5 мың текше метрге дейінгі судың текше метрі 320,63 теңгенің орнына 248 теңгені құрайды.
Егін егу маусымында облыс шаруаларына арзандатылған дизель отынын жеткізу мәселесі шешілді. Марғұлан Кәрібековтің айтуынша, отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету мәселесі де назардан тыс қалмаған. Облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне инвестициялық субсидияларды төлеу басталды, мамыр айында барлық қарызды өтеу жоспарланған. Шахтинскіде Шахан, Долинка және Ақтас кенттеріндегі жер учаскелеріне негізгі ставкаларды азайту мәселесі қаралуда.Одан бөлек, кәсіпкерлерге Қарағанды және Теміртау қалалары бойынша еш әрекетсіз, екінші деңгейлі банктерде кепілде тұрған нысандар картасы көрсетілді.
Кеңес отырысы облыстық мемлекеттік активтер мен сатып алулар басқармасы мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының меморандумге қол қоюымен аяқталды. Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі бірқатар тапсырмалар берді. Оның бірі кәсіпкерлердің бос жер учаскелері жөнінде ақпаратты ашық түрде жариялау туралы өтінішімен байланысты.