Қарағандыда қатты қаптамасы бар дәрілер өндірісі іске қосылды
Инновациялық жоба «Ғылым қоры» АҚ қаржылық қолдауының көмегімен жүзеге асырылуда. Жабдықтар Германиядан сатып алынды.
«Жоба Елбасының Ұлт жоспарындағы 64-ші қадамда белгіленген ғылыми жұмыстарды коммерцияландыру шеңберінде ойластырылған. 2016 жылы қарағандылық ғалымдар аталмыш жобамен байқауды жеңіп, нәтижесінде Ғылым қоры 100 млн теңге бөлді. Препаратты бірден «Арглабин нативный» жұмыс атауымен тіркеді. Қазіргі таңда ол клиникалық сынақтан өтіп жатыр. Дегенмен қазірдің өзінде аталмыш иммунтүрлендіруші шет елдік баламаларынан кем түспейді деп айтуға болады. Бұған қоса оның өзіндік артықшылығы бар - оның құны импорттық дәрілерден анағұрлым арзанырақ», - деді «Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазин.
«Фитохимия» ХҒӨХ бас директоры Серғазы Әдекеновтың айтуынша, таныстыруға келген израилдік фармацевтер мен бизнесмендер қарағандылықтармен серіктестік орнатуға қызығушылық танытуда. Келешекте олар осында дәрілік субстанция алып келіп, қатты қаптамамен қаптап, Қазақстанда тіркейді және xалықаралық нарыққа жылжытады.
Қатты қаптамадағы дәрілер ішуге ыңғайлы, себебі дәрмектің ащы дәмі сезілмейді. Сонымен қатар бағытты әсер етуінің арқасында дәрінің тиімділігі артады.
«Бүгінгі таңда Қарағандыда 17 кәсіпорынды біріктіретін фармацевтикалық кластер сәтті жұмыс істеуде. Кластердің ең басты өлшемшарттарының бірі инновациялық теxнологияларды енгізу болып табылады», - деп атап өтті Серғазы Әдекенов.
Ол жаңа теxнологиялар отандық дәрілердің құнын төмендетуге мүмкіндік беретінін жеткізді. Өндірістік шығындар екі-үш есе төмендейді. Холдинг тағы осы секілді бес машина сатып алып, өндіретін өнімдер желісін кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Ғылым қоры» АҚ «Фитохимия» ХҒӨХ» АҚ бірлесіп «Тұпнұсқалы иммунтүрлендіруші дәрмекті өндіруді және жаңа сынақ препараттарын шығаруды ұйымдастыру» атты гранттық инновациялық жобаны жүзеге асыруда.