Қарағандыда қатты желден мектептің шатыры ұшты
Төтенше жағдай 15 қарашада болды. Қатты желдің салдарынан Қарағанды қаласының №59 мектебінің шатыры ұшып кеткен.
«15 қараша сағат 15.00 шамасында Қарағандыда екпіні секундына 19 метрге дейін жеткен қатты желдің салдарынан №59 орта мектептің 3 қабатты ғимаратының шатыры жартылай бұзылды. Мектептегі оқу процесі тоқтатылды, ғимараттан екінші ауысымдағы 400 оқушы мен 37 қызметкер шығарылды. Зардап шеккендер жоқ», - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі,
Оқиға кезінде мектеп ұжымы жұмылдырылып, бүкіл оқушылар ғимараттан эвакуацияланып, үйіне жіберілді.
Бүгінде мектеп штаттық режимде жұмыс істейді. Оқу орнында 947 бала білім алады.
«ТЖБ қызметкерлері зардап шеккен шатыр учаскесін зерттеп, төбеден сынған ағаш арқалықтарын және қираған шатыр бөліктерін алып тастады. Бүгін, 16 қарашада, мектеп қызметкерлерінің күшімен аула тазаланып, барлығы шығарылды. Мектептің шатыры 2011 жылы жөнделген болатын: ол кезде жабын толығымен ауыстырылды. Осы уақытқа дейін шатырдың жағдайы ойдағыдай еді. Шатырдың зақымданған жері - 480 шаршы метр. Бүгін төтенше жағдайда ТЖБ, Қарағанды әкімдігі, білім бөлімі, мектеп әкімшілігі ақаулы ведомость дайындады, сметалық құжаттама әзірленіп жатыр, содан кейін қажетті қаражат көлемі белгілі болады, сондай-ақ қаржыландыру көзі мен жөндеу жұмысының мерзімі айқындалады», - деп түсіндірді білім бөлімінде.