Қарағандыда Кеңес Одағы Батырларының аллеясы салынады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық әкімдігінде өткен жиында ҰОС Жеңісінің 70 жылдығына дайындық мәселелері талқыланды, деп хабарлады аймақ басшысының баспасөз қызметінен.
«Елбасы бұл жылы ҰОС бір де бір ардагері назарсыз қалмауы керектігін атап өтті. Біздің мақсатымыз - ардагерлердің проблемаларын шешіп, өзіміздің азаматтық борышымызды орындау», - деді облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Рыстин облыста 19 мыңнан астам ардагер тұратынын айтты.
«340 ҰОС қатысушылары мен мүгедектері, 1121 тыл еңбеккері және соғыс жылдары кезінде кем дегенде алты ай жұмыс істеген 16 867 адам, 31 блокадашы, 137 концлагерь тұтқыны, 17 ерікті жалдамалы құрам тұлғалары, 867 соғысқа қатысушылардың жесірлері бар», - деді ол.
Облыста соғысқа қатысқандардың барлығы коммуналдық қызмет төлемдерінен босатылды.
«Сәуір айының соңына дейін әскери даңқ ескерткіштеріндегі жөндеу жұмыстары аяқталады. 9 мамырда Қарағандыдағы «Мәңгілік алау» мемориалында Кеңес Одағы Батырлары аллеясының тасын қалау көзделген. Оны 2 қыркүйекте ашу жоспарланып отыр», - деді Н.Рыстин.
3 мамырға дейін соғыс ардагерлері мен мүгедектерге және өзге де тиісті жеңілдік алатын топтарға біржолғы төлемақы төленуі тиіс. Қарағанды облысында ҰОС қатысушылары мен мүгедектері Жеңіс күніне орай 250 мың теңгеден: 100 мың теңге - республикалық бюджеттен және 150 мың теңге - жергілікті бюджеттен алады.
Жиын соңында облыс әкімі ҰОС Жеңісінің 70 жылдығына дайындық пен оны атап өтуге байланысты бірқатар тапсырма жүктеді.