Қарағандыда кезбе ұрылар зейнеткерлерге жалған ақша берген

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат -Алматы және Ақтөбе облыстарының алаяқтар тобы Қарағандыда бірнеше зейнеткердің қалтасын қақты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Қарағанды облысы ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қарттарды алдап соғуда алаяқтар түрлі әдісті пайдаланған. Бір жағдайда қаскөйлер Қарағанды сауда үйлерінің бірінен кәдесыйлық ақшаларды сатып алған және өздерін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырып, жалған ақшаға қарттардың зейнетақысын айырбастап алған.

 Ендігі бір жағдайда қылмыскерлер қарттарға жиналған барлық зейнетақыны  жеңілдік карталарына аударып, азық-түлік пен дәрілік заттарды арзан бағамен сатып алу туралы «ертегі» айтқан.

 «Олар көшеде алдау жолымен 85 жастағы әжейдің 500 мың теңгесін алу кезінде ұсталды. Кезбе ұрылар тобының құрамында Алматы және Ақтөбе облысының тумалары бар. Бұл топта бір әйел бар. Рөлдерді бөліп алған алаяқтар жалғызбасты зейнеткерлерді іздеген және көп жағдайда іздеушісі жоқ зейнеткерлер алаяқтық құрбанына айналған», - деп хабарлады өңірлік ІІД баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.

Қылмыстық топтың оңай жолмен ақша табу жоспарын өзбекстандық азаматтан алғаны белгілі болды. Ташкент тұрғыны қарттарды алдаудың бүге-шігесіне дейін үйреткен. Ұсталғандардың ең үлкені 41 жаста, ең кішісі 32 жаста. Олар уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.

 ҚР ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар