Қарағандыда көлік жүргізушісі мен жолаушыдан қару мен есірткі тәркіленді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда көлік жүргізушісі мен жолаушыдан қару мен есірткі тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері тұрақты түрде заңсыз қарумен есірткі заттарының алдын алуға байланысты жедел іс-шаралар өткізіп тұрады. Мәселен, Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері 21 қазан күні 29 жастағы азаматтың басқаруындағы автокөлікті ұстады. Көлікте 28 жастағы жолаушы болған. Жолаушыға жүргізілген тінту жұмыстары барысында одан ерекше иісі бар өсімдік тектес жасыл түсті орам тәркіленді. Сондай-ақ көлік жүргізушінің орындығынан Макаров тапаншасы тәркіленіп алынды. Сонымен қоса полицейлер 4 оқ-дәрі тәркіледі.
Сараптама қорытындысына сәйкес қару атуға жарамды, ал оның оқтары атуға жарамды оқ-дәрілер екені белгілі болды.
Аталған деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296 және 287-баптары бойынша қылмыстық істер тіркелді. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Фото: polisia.kz