Қарағандыда комиссия мектеп оқушысының қаза табуына байланысты тексеруді аяқтады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда №23 орта мектептің 7-сынып оқушысының пәтерінде асулы күйі табылу фактісі бойынша қызметтік тексеру аяқталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қызметтік тексеруді ведомстводағы бірнеше бөлімдердегі лауазымды тұлғалар жүргізген. Олар мектептегі білім беру процесінің оқушы қызбен болған жағдайға қатысы жоқ екендігін анықтады.
«Жасөспірім қыз мектепте қандай да бір даулы жағдайға тап болмаған, құрдастары мен басқа сыныптардағы оқушылармен жақсы араласқан. Белсенді болған. Тексеру көрсеткендей, мектепте де, отбасында да ахуал тыныш, бірқалыпты болған», - деп мәлім етті «Қарағанды білім беру бөлімі» ММ Мектепке дейінгі және орта білім білім беру секторының жетекшісі Наталья Головина.
Қарағандыда әр мектепте оқушылардың аккаунттарын бұғаттайтын арнайы бағдарлама орнатылған. Алайда, қаза тапқан қыз әлеуметтік желі арқылы суицид туралы сөйлескен жоғары сынып оқушысымен үнемі байланыста болған.
«Арнайы бағдарлама арқылы ата-аналардың жазбаша рұқсатымен оқушылардың аккаунттары бұғатталады, бұл олардың үзілісте және сабақ кезінде әлеуметтік желіде отырмауы үшін жасалған. Алайда, білім алушылар басқа аккаунттар ашып, солармен кіріп жүр», - деді Наталья Головина.
Қаза тапқан қыз отбасында үш баланың үлкені болған.
Еске салайық, 3 ақпан күні кешкісін Қарағандыда № 23 орта мектептің жетінші сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсаған. Полиция оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр. Пәтерде анасы үш жасар баласымен қалған. Әкесі мен үйдің ортаншысы жаттығуда болған.