23:15, 21 Қыркүйек 2021 | GMT +5
Қарағандыда көпбалалы әйелдер үшін тегін шеберлік сабағы өтті
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығы «Ана-Мама» қоғамдық қорымен бірлесіп, кондитерлік өнімдер пісіру бойынша тегін шеберлік сабағын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кәсіби кондитер Айжан Шалғымбаева аналарға торт пен бәліш дайындауды үйретті. Ол сондай-ақ өз ісін ашуға грантты қалай алуға болатыны туралы да айтып берді.
«Мұндай шеберлік сабақтарын әр жұма сайын өткізетін боламыз. Үш апта ішінде 30 ананы оқытуды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз – көп балалы әйелдерді кондитерлік өнімдерді дайындауға үйрету, сондай-ақ үй жағдайында ақша табуға және өз ісін ашуға көмектесу. Біз «Ана-Мама» қорымен үш жылға жуық жұмыс істеп келеміз. Қор тұрақты түрде аз қамтылған отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетеді», – деді «Шаңырақ» орталығының жетекшісі Ләззат Қожахметова.