Қарағандыда коронавирус жұқтырған соңғы екі адамға қатысты мәліметтер жария етілді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында «COVID-19» инфекциясын жұқтырған соңғы екі адам аталмыш инфекцияны жұқтырған адаммен байланыста болғандықтан сынама алу барысында анықталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат coronavirus2020.kz сілтеме жасап.

Қарағандыда коронавирус жұқтырған соңғы екі адамға қатысты мәліметтер жария етілді

2 науқастан коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болуына байланысты карантиндік стационарға жатқызылып, зертханалық сынамалар алынған. Оларда ПТР диагностикалық зерттеу қорытындысымен COVID-19 диагнозы нақтыланды.
Қазіргі таңда науқастардың жағдайлары қанағаттанарлық. Бекітілген хаттамаға сәйкес тиісті ем жүргізілуде.
Науқастармен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынып жатыр.
Ауру ошақтарында эпидзерттеу жұмыстары, дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде.
9 сәуірде сағат 10:00-дегі жағдай бойынша облыста COVID-19 коронавирус инфекциясына шалдыққан 57 адам анықталған.
Қарағанды облысында үй карантинінде 1 594 адам бар, ал тәулік бойы бақылауға 818 пациент алынған.