Қарағандыда ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай әкім бастаған веложарыс өтті
ҚАРАҒАНДЫ. 4 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағандыда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 20 жыл толуына арналған веложарыс өтті.
Веложарыс «Қарағанды арена» Мұз сарайынан басталып, қала орталығындағы Тәуелсіздік стеласының маңында мәреге жетті. Акцияға 500-ге жуық адам қатысты, олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер, мәслихат депутаттары, спортшылар және әуесқой велосипедшілер болды.
«Тура 20 жыл бұрын тәуелсіз еліміздің Туы, Елтаңбасы және Әнұраны қабылданған еді. Бұл мерейтойлық дата - әрқайсымыз үшін мереке, Отанымыз үшін патриоттық пен намыс мерекесі! Бүгін Мемлекеттік рәміздер күні және «Біз - қарағандылықтармыз» акциясының аясында Қарағандының орталық көшелерінде әртүрлі жас ерекшеліктегі және мамандықтағы адамдардың қатысуымен ұзақтығы 6 шақырым 200 метрге созылған веложарыс өтуде», - деді қала әкімі Бауыржан Әбдішев мерекенің ашылу салтанатында.
Оның айтуынша, акцияның мақсаты - патриотизмді қалыптастыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын, денешынықтыру мен бұқаралық спортты насихаттау. «Біз сондай-ақ ХХХ жазғы Олимпиада ойындарына қатысатын, өз жеңістерімен туған Қазақстанның және оның мемлекеттік рәміздерінің абыройын асқақтататын жерлес спортшыларымызды қолдаймыз», - деп қосып өтті қала әкімі.
Б.Әбдішев велосипедшілердің колоннасын бірінші болып бастады. Оның айтуынша, екі дөңгелекті оның байырғы «досы» және ол бос уақытында велосеруендерге шығуға тырысып отырады.
Веложарысты ашу құқығы ең кішкентай қатысушыларға берілді. Балалар 3 және 4 дөңгелекті велосипедтерді айдады. Акцияның барлық қатысушылары ҚР Туы және Елтаңбасы бейнеленген футболкалар мен Елтаңбасы бар бейсболкаларды киді. Колоннаның алдында үлкен Мемлекеттік тумен кабриолеттер жүріп отырды.
«Ту, Елтаңба, Әнұран - біздің ортақ игілігіміз, олар болашаққа деген сенімді қалыптастырады. Олар - қазақстандық патриотизмнің, Отанға деген махаббаттың, оның тарихына, мемлекеттік тіліне, мәдениеті мен дәстүрлеріне терең құрметтің қалыптасуының қайнар көзі. Бүгінгі шара қарағандылықтардың патриоттық сезімдерінің, достық мерекесінің, салауатты өмір салтын насихаттаудың жарқын көрінісі болды», - деп атап өтті акцияның соңында Б.Әбдішев.
Қала әкімі веложарысты дәстүрлі ету шешімі қабылданғанын айтты. Ол жыл сайын Мемлекеттік рәміздер күні өткізіледі. Қала әкімі барлық қатысушыларға белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғысын білдірді. «Сіздердің бұл қадамдарыңыз көптеген адамды жігерлендіреді деп сенемін. Жыл сайын веложарыс бұқаралық сипатқа ие бола бастайды», - деп түйіндеді Б.Әбдішев.