Қарағандыда құлаған жеңіл ұшақ апатына қатысты тергеу жұмыстары басталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда құлаған жеңіл ұшақ апатына қатысты тергеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағандыда құлаған жеңіл ұшақ апатына қатысты тергеу жұмыстары басталды

«21 сәуірінде Бұқар жырау ауданына қарасты Үштөбе ауылынан 4 шақырым жердегі «Балапан» «Авиациялық оқу-жаттығу орталығы» ЖШС-ның қону алаңында 2013 жылы шыққан FK-14 В2«Polaris» ұшағы құлады.

Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Ол сотқа дейінгі тергеу бірыңғай реестріне тіркелген», - делінген хабарламада.

Оқу орталығына тиесілі жеңіл моторлы екі орындық ұшағы оқу-жаттығу кезінде құлағаны анықталды.

Ұшақ апатқа ұшыраған кезде борттағы 2 адам оқиға орнында қаза тапты. Атап айтқанда, ұшқыш-нұсқаушы - Юрий Анатольевич Артемов (1967 жылы 31 наурызда туған) және осы оқу орталығының 2018 жылдың мамыр айынан бастап тыңдаушысы болған (ұшқыш) Мереке Өмірбекұлы Әукешев (1990 жылы 8 наурызда туған).

«Экипаж құрамы Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 16:11-де кезекті жаттығуды орындау мақсатында әуеге көтерілген. Сағат 16:20-да ұшақ шұғыл төмен құлдилаған. Диспетчер әуе кемесімен байланысты жоғалтты. Авариялық-құтқару қызметі әуе кемесі құлайтын жерге жедел жіберілді», - делінген хабарламада.

Бүгінгі күнге дейін курсант М.Әукешев 30 сағатқа жуық ұшқан. Оған инструктор Ю.Артемов бекітілген. М.Әукешев оқу-жаттығу сабақтарын FK-14 В2 «Polaris» ұшақтарымен орындаған.

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, FK-14 В2 «Polaris» ұшағы 2013 жылы Польша Республикасының зауытынан алынған. Жалпы, ұшақ 1 100 сағат ұшқан. Ұшақ ұшар алдында толық тексеруден өткен және ешқандай ақау болмаған.

Қазіргі уақытта барлық қажетті жедел-тергеу әрекеттері жүргізілуде.