19:33, 25 Қыркүйек 2017 | GMT +5
Қарағандыда латын әліпбиінде жазылған тарихи құжаттардың көрмесі өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандыда ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында латын әліпбиімен жазылған тарихи-деректі құжаттардың көрмесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көрмені Қарағанды облыстық мемлекеттік архивінің қорындағы құжаттар негізінде «Болашақ» академиясы ұйымдастырды. Оған өткен ғасырда латын графикасымен басылып шыққан құжаттар, газет-журналдар қойылды, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» жобасына арналған жеке бұрыш ұйымдастырылды.
Көрме «Болашақ» академиясы студенттерінің және профессор-оқытушылар құрамының үлкен қызығушылығын тудырды.
Облыстық архив өкілі Жазира Акижанова 1929 жылға дейін қазақ тілінің латын графикасын қолдану тарихы жөнінде баяндап берді.
Сонымен қатар, іс-шара барысында «Болашақ» академиясының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Құрманғазы Сембиев пен заң ғылымдарының кандидаты Елеужан Серімов аталған тақырып бойынша сұрақтарға жауап беріп, жан-жақты түсінік берді.