Қарағандыда маммологиялық орталық ашылды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында заманауи маммологиялық орталық ашылды.
Медициналық мекемеде облыстағы жалғыз томосинтез аппараты жұмыс істейді. Ол көлемі бірнеше миллиметр ғана болатын ісікті анықтауға қабілетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық «Olymp Medical Group» ЖШС-нің жеке қаражаты есебінен салынған және жабдықталған. Бұл жерде маммологтар, хирургтар, эндокринологтар мен гинекологтар қабылдау жүргізеді.
Медициналық мекемеде орнатылған жоғары технологиялық жабдықтар сүт безі обырының және басқа да аурулардың ерте диагностикасын жүргізуге мүмкіндік береді. Орталықтың басты артықшылығы бірегей томосинтез аппаратында. Ол кеуденің сан түрлі түсірілімін жасап, артынан оны электронды 3D үлгісіне трансформациялай алады. Мұндай аппарат Қарағанды облысы бойынша жалғыз, ал мемлекет бойынша үшінші.

Қажет болған жағдайда, бұл аппараттан тексеруден тіпті ер адамдар да өте алады. Томосинтезде компрессия жоқ.
«Сандық томосинтез қазір жаңа технология ретінде тіркеліп, биыл оны тарифке енгізу жоспарланып отыр. Осы зерттеу тарифі ресми мақұлданғаннан кейін, ол мемлекеттік тапсырыс және міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде өтеді», - деді «Olymp Medical Group» ЖШС бас директоры Ержан Сүлейменов.
Жаңа орталықта медициналық сақтандыру шарасының қатысушылары маммологиялық және пластикалық хирургияны қоса алғанда, тегін қызметтер ала алады.
Орталық Қарағанды қаласында Кривогуз көшесі, 76/3 мекенжайы бойынша орналасқан.

