Қарағандыда мас әйелді автобустан итеріп, шығарып жібергендер іздестірілуде
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Әлеуметтік желіде Қарағандыда мас әйелді белгісіз ер адам автобустан итеріп шығарып жіберіп, соққыға жыққаны туралы бейнематериал тарады.
Полиция жәбірленушінің және оған соққыға жыққандардың кім екенін анықтауда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Желіде белгісіз адамдар мас әйелді автобустан итеріп шығарып жатқан бейнетүсірілім пайда болды. Кадрларда ер адам мас әйелді қоғамдық көліктен итеріп шығарғаны, сонан соң басынан тепкені байқалады.
«Қарағанды-Теміртау бағытында жүретін автобус, оның 41 жастағы жүргізушісі және 25 жастағы кондукторы анықталды. Соңғысы 28 қыркүйекте сағат 16.30 шамасында «Кеншілер МҮ» аялдамасында автобусқа мас күйінде әйел адам кіргенін түсіндірді. Ол қоғамдықта дөрекілік көрсеткен - жан жағындағыларды балағаттап, әдепсіздік танытып, жол ақысын төлеуден бас тартты. Теміртауға жеткенде, «Кооператор» аялдамасында кондуктор мен жолаушылар бұл әйелді салоннан шығарды. Осыдан кейін белгісіз біреу оған дене жарақатын салған», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жәбірленушінің және осы қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бар адамның кім екенін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізуде. Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 293-бабы «Бұзақылық» бойынша қылмыстық іс қозғалды.