Қарағандыда мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың бағасы теңестірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандыда енді мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың бағасы бірдей болады. Ол мемлекеттік тапсырыс сомасын ұлғайту арқылы мүмкін болып отыр, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қарағандыда мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың бағасы теңестірілді

Бір бала үшін мемлекет 26000 теңге төлеп отыратын болады. Осылайша, ата-аналарға тек оның айырмашылығын, яғни 11000 теңгені төлеп отыру керек. Ал осыған дейін мемлекеттік тапсырыс сомасы 17 000 теңге болатын.

- Біз бұл мәселені бұрыннан қарастырып келеміз,, - деді қала әкімі Нұрлан Әубәкіров. - Енді, міне, бірінші маусымнан бастап, жекеменшік балабақшалардағы мемлекеттік тапсырыс сомасын ұлғайтып отырмыз. Ол үшін біздің депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері дауыс берді.

Осындай шаралардың көмегімен қала әкімдігі 2018 жылдың соңына дейін үш жастан алты жасқа дейінгі барлық балаларды балабақшаға орналастыруды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда Қарағандыда мектепке дейінгі мекемелерге кезекте 6200 бала тұр.

- Мемлекеттік бюджет үшін мемлекеттік тапсырысты жаңа балабақша құрылысына жұмсағанша жекеменшік балабақшаларға бағыттаған анағұрлым тиімдірек, - деді Нұрлан Әубәкіров. - 300 орындық жаңа балабақша салу үшін кем дегенде 800 миллион теңге қажет. Ал мыңнан аса баланы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жекеменшік мектепке дейінгі мекемеге орналастыруға 500 миллионан аса қаржы керек. Үнемділік бірден көзге түседі.

ә

Бұл жаңашылдыққа жекеменшік балабақша иелері де қуанышты. Бұдан былай ата-аналар арзанырақ балабақша іздеп мемлекеттік мекемеге балаларын ауыстырмайтын болады.

- Осыған дейін біздің балабақшада болған балалар кезегі келіп жеткенде мемлекеттік балабақшаға ауысып кететін, - дейді Қарағандыдағы төрт жеке меншік балабақшаның құрылтайшысы Гүлнәр Смаилова. - Сонан соң ол орынға басқа бала келе ме, жоқ па, біз оны білмейтінбіз. Енді мына жеңілдіктердің арқасында біз, кәсіпкерлер, тұрақты бизнес жүргіземіз. Біздің балабақшаларымыз 10 пайызға толық болатынына сенімді боламыз. Ол дегеніміз, әрі қарай дамуға негіз пайда болды деген сөз.

Естеріңізге сала кетейік, жекеменшік балабақшалардағы мемлекеттік тапсырыстың сомасы бір балаға 26000 теңгені құрайды. Бұл Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіш.

Қарағандыда барлығы 41 мемлекеттік және 32 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Соңғыларының 25-і мемлекеттік тапсырыс қабылдайды.