Қарағандыда мүгедектерге төлеген салықтары қайтарылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда 500-ден астам мүмкіндігі шектеулі азаматқа бюджетке төлеген салық жарналары қайтарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қарағандыда мүгедектерге төлеген салықтары қайтарылды

Қарағанды облысы Бұхар жырау ауданының азаматтары заң бойынша түрлі салық ауыртпалықтарынан босатылғанын білмеуіне байланысты 2015-2016 жылдары және 2017 жылдың өткен кезеңінде жер, мүлік және көлік салықтарын, тіркеу алымдары мен мемлекеттік баж төлемдерін төлеген.  Осылайша, қазынаға жарты миллион теңге салық төлеген.

«Бұхар жырау аудандық прокуратурасы осындай фактілердің қайталануына жол бермеу және құқықтық сауаттылықты арттыру үшін азаматтарға салық саласындағы өз құқықтары түсіндірілген жадынамалар таратты», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінен.

Салық алымдарынан босатылу құқығы бар әрбір азаматқа бұрын төлеген мүлік, жер, көлік құралдары салықтарын қайтару тәртібі түсіндірілді.

«Прокуратураның араласуымен және жергілікті атқарушы билік органдарының үйлесімді қызметінің арқасында 15 азаматқа 250 мың теңгеден астам ақшасы қайтарылды. Қаражар ауылының бір тұрғынына 40 мың теңгеден астам ақша қайтарылды, бұл ауыл тұрғындары, әсіресе мүмкіндігі шектеулі жан үшін айтарлықтай ірі сома», - дейді прокуратураның баспасөз қызметіндегілер.