Қарағандыда Нұраны сынап тұнбаларынан тазарту мәселесі қаралды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Аймақтың экологиялық жағдайы облысының әкімдігінде талқыға түсті. Ерлан Қошановқа Ақтоғай ауданындағы «Дарьял-У», Теміртаудағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ мен «ТЭМК» АҚ нысандарындағы жағдай туралы есеп берілді, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты. 

Қарағандыда Нұраны сынап тұнбаларынан тазарту мәселесі қаралды

Аймақ басшысының тапсырмасы бойынша осы жылдың басында 2018-2020 жылдарға Теміртаудағы экологиялық жағдайды жақсарту бойынша кешендік жоспар құрылған болатын. Барлығы осы жылға 52 шара көзделген. Аталмыш жоспар қалай орындалып жатқаны туралы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Руслан Түлепбаев мәлімдеді. 

- Бүгінгі таңда алты шара жүзеге асырылды. 21- орындалу барысында. Тағы 25 шара бойынша жұмыстар 2018-ші жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған. Өндірістік өнеркәсіптерге 22 шара міндеттелген. Кешендік жоспарды жүзеге асыру үнемі бақылауда, ай сайын мониторинг жүргізіп отырамыз, - деді ол. 
Кәсіпорындар өз өндіріс ошақтарын шығарылатын зиянды қалдықтарды төмендету үшін жаңғыртуда, сондай-ақ ағаштар отырғызып жатыр. 
Баяндамада Руслан Түлепбаев Нұра өзенін сынап тұнбаларынан тазарту бойынша бағдарламаға егжей-тегжейлі тоқталып кетті. Көпқұрамды инвестициялық жоба аймағымызда 2004-ші жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында «Карбид» зауытының аумағы, Нұра өзені мен Жауыр батпағының 4,6 шақырым түбі тазартылды, қалдықтарды көметін полигон салынды. Бұған қоса, құрылысы аяқталмаған Ынтымақ су торабы қайта қалпына келтіріліп, Ақтөбе ауылының маңындағы қорғау бөгетінің және Ынтымақ су қоймасындағы шағын гидроэлектр станциясының құрылысы аяқталды. 

Дегенмен, «ТЭМК» АҚ зарарлы коллекторы бұрынғыдай проблемалы болып қалып отыр. Бұл мәселені шешу үшін 2017 жылы кәсіпорын есебінен өндірістің ақпа суын тазарту және бейтараптандыру түйінін салуға жобалық-сметалық құжат құрылған болатын. Осылайша өндірістік суды тазартып залалсыздандыратын болады. 

Жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджетке 2019-2020 жылдарға өтініш жіберілген. 
Ерлан Қошанов экология мәселелерін үнемі бақылауды ұстап отыруды және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған Кешендік жоспарда қарастырылған шаралардың уақытында өткізіліп отыруын қадағалауды тапсырды.