Қарағандыда өнеркәсіптік кәсіпорын қызметкерлері үшін вакцинация мерзімі 1 тамызға дейін ұзартылды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының бас санитар дәрігері жаңа қаулыға қол қойды. Аталмыш құжатқа сәйкес өңірде ірі ұжымдар - өнеркәсіптік кәсіпорын қызметкерлері үшін ғана COVID-19-ға қарсы профилактикалық екпе алу мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалғандары үшін вакцинация мерзімі өзгеріссіз қалады: 15 шілдеге дейін – бірінші компонент және 15 тамызға дейін – екінші.
Жаңа қаулы 10 шілдеде заңды күшіне енеді.
Өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ірі ұжым жұмысшылары вакцинаның бірінші компонентін осы жылдың 1 тамызына дейін ала алады.
Соңғы үш айда тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және COVID-19-бен ауырғандарды қоспағанда.
Бұған дейін олар коронавирус вакцинасының бірінші компонентін 15 шілдеге дейін, ал екіншісін 15 тамыздан кешіктірмей алуы керек деп хабарланған болатын.
Құжатта коронавирустың таралуына жол бермеуге бағытталған бірқатар басқа шектеулер бар.
Атап айтқанда, 10 шілдеден бастап мемлекеттік органдар мен ұйымдарда қызметкерлердің қатысуымен азаматтарды жеке қабылдау, кеңестер, семинарлар және басқа да іс-шараларды күндізгі режимде өткізуге тыйым салынады.
Кейінге қалдыруға болмайтын шешімді талап ететін жағдайлар ерекше болып табылады. Бұл ретте қызметкерлер барлық санитарлық нормалар мен сақтық шараларын қатаң сақтауы тиіс.
Сондай-ақ қонақ үйлердің, мейманханалардың, шипажай-курорттық ұйымдардың, демалыс үйлерінің/базаларының, турбазалардың, жағажайлардың және т.б. жұмысына қойылатын талаптар өзгерді.
Ashyq жобасын пайдалану кезінде толтыру шектеулері алынып тасталады.
Сонымен қатар, қаулыға сәйкес, қалалық және қоғамдық жағажайлардың аумағында жағажай жабдықтарын (шезлонгтар, шешінетін бөлмелер, аяқ жуғыштар және т.б.) әлеуметтік қашықтық ережелерін сақтай отырып және сигналдық белгілеулерді, шектеу кедергілері мен таспаларды, сондай-ақ қашықтықты сақтау қажеттілігі туралы ақпаратты енгізе отырып орналастыруды қамтамасыз ету қажет.