Қарағандыда өрт шыққан үйден 15 адам құтқарылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандылық құтқарушылар өрт шыққан көпқабатты үйден 15 адамды аман алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағандыда өрт шыққан үйден 15 адам құтқарылды

22 қазан күні сағат 21.09-да Пассажирская көшесіндегі көпқабатты үйден өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер 6 минутта жетіп, үйдің кіреберісі қатты түтіндеп жатқанын анықтаған. Бірнеше адам пәтерлерінен өз бетінше шығып үлгерген.

Құтқарушылар мұқият барлау жүргізіп, жертөледегі орын-жайлардың ағаш конструкциялары жанып жатқанын анықтады.

Пәтерлер мен баспалдақ алаңдарын қою түтін басқандықтан, өрт сөндірушілер құтқару қалпақтары мен 3 иінді баспалдақтың көмегімен үйдің кіреберісінен 15 адамды, соның ішінде 6 баланы эвакуациялады.

Жертөледе температураның жоғары болуынан, ондағы кеңістіктің тарлығынан және қатты түтін салдарынан тілсіз жаумен күресу күрделене түсті.

Лаулаған от сағат 23.05-те толығымен сөндірілді. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 26 адам және 5 бірлік техника жұмылдырылды.