12:51, 30 Қыркүйек 2017 | GMT +5
Қарағандыда өртеніп жатқан үйден үш бала құтқарылды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда өрт шыққан 5 қабатты үйден өрт сөндірушілер үш бала мен екі мүмкіндігі шектеулі адамды құтқарды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Үш бөлмелі пәтер өртенген. Өрт сөндіру қызметкерлері жалпы 10 адамды қауіпсіз жерге көшірген.
«29 қыркүйек күні 18:12-де өрт сөндіру қызметіне «Республика даңғылы, 8» мекенжайында орналасқан 5 қабатты тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабар келді. Жылдам жетіп барған қызметкерлер үш бөлмелі пәтерде үй жиһаздары мен тұрмыстық бұйымдардың өртеніп жатқанын анықтаған», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық ТЖД ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.
Өртенген пәтерді барлау барысында бөлмелердің бірінен ер адамның денесі табылған.
«Өрт 30 шаршы метрді шарпыған. Ер адамның өлімі мен өрттің себептері анықталуда», - деді Ж. Дәуренбекова.
Тергеуді полиция жүргізіп жатыр. Олар ер адамның кіммен тұрғанын, оның дәл неден өлгенін анықтайды.