Қарағандыда өткен «Әжемнің ертегісі» форумына мыңнан астам балабақша педагогы қатысты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда қазақ тілін үйренуді насихаттауға, қазақ халқының салт-дәстүрлеріне баулуға және балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін ашуға бағытталған мектепке дейінгі ұйымдар педагогтерінің онлайн-форумы өтті.

Қарағандыда өткен «Әжемнің ертегісі» форумына мыңнан астам балабақша педагогы қатысты

Ол Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу құрметіне «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында ұйымдастырылды.

«Форум екі бөлімнен тұрды – пленарлық отырыс және бірнеше бағыт бойынша секциялық алаңдардың жұмысы. Пікірталас алаңдары үш бағыт бойынша жұмыс істеді: танымдық-шығармашылық, әлеуметтік-коммуникативтік және тілдік қызмет, сондай-ақ мектеп жасына дейінгі балалардың көркем-эстетикалық қызметі. Балабақшалар «Әжемнің ертегісі» жобасын іске асырудың бірінші кезеңінің нәтижелерін көрсетті», – деп хабарлады Қарағанды облысының білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының өкілдері.

Форумға Қарағанды облысының білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова, «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығының директоры Манара Адамова, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Атырау облыстарының мамандары және мыңнан астам мектепке дейінгі мекемелерлің педагогтары қатысты.

Сондай-ақ, мектепке дейінгі ұйымдар «Жас қыран» жобасы аясында жүзеге асырылған «Бір отбасы – бір кітап» акциясын ұсынды. Ол отбасылық мәдени құндылықтарды дамытуға, оқу дәстүрлерін жаңғыртуға, рухани адамгершілікті қалыптастыруға, балаларды кітап оқуға ынталандыруға бағытталған. Оған 600-ден астам мектеп жасына дейінгі балалар мен ата-аналар қатысты.

Форум жұмысының нәтижесі инновациялық шешімдер мен мектеп жасына дейінгі балаларға арналған шығармашылық ойын кеңістігін құрудың авторлық тұжырымдамалары болды. Қатысушылар балаларға конструктивтік-модельдік жобалар арқылы ертегілер әлемін ашуға және оларды ұлттық эпос пен ертегілерді пайдалану арқылы ғылыми-техникалық шығармашылыққа тартуға мүмкіндік беретін бірнеше қызықты жобалардың топтамасын көрсетті.

Айта кету керек, «Әжемнің ертегісі» әлеуметтік-педагогикалық жобасы өткен жылы әзірленген және қазақ халық ертегілерін пайдалану негізінде балаларды туған өлкенің мәдениетімен таныстыруға бағытталған. Жоба келесі оқу жылының соңына дейін үш кезеңде жүзеге асырылады. Оған өңірдің барлық мектепке дейінгі ұйымдары қатысады.