Қарағандыда пара алды деген шенеуніктің соты тоқтатылды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы, Абай ауданы әкімінің орынбасары Димаш Сүлейменовқа қатысты сот процесі уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Шенеунікті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері Қарағандыда 2017 жылғы 25 шілдеде ұстаған болатын.
Ол «Өңірлерді дамыту 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында орындалмаған жұмыстарға жасалған құжатқа қол қою үшін 1,5 миллион теңге мөлшерінде пара алды деген күдікпен тергелді.
Алайда Д. Сүлейменов сотта моральдық-психологиялық қысым жасалғанын айтты. Қарағанды қаласы, Қазыбек би аудандық №1 сотының судьясы Айгүл Мырзабекова сот тыңдалымын тоқтатып, істі сотталушының мәлімдемесін тексеру үшін прокуратураға жіберді.