Қарағандыда пара алған шенеунік мемлекетке 4 млн. теңге төлейді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды аудандық соты Ұлттық еңбек гигиенасы орталығының директорына пара алғаны үшін айыппұл салды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қазыбек би аудандық сотының хабарлауынша, бұрынғы шенеунік Қанат Сақиев 50 мың теңге пара алғаны үшін айыпты деп танылды. Ол екпе үшін ерітінді жеткізгеніне ақша аудару мәселесін жеделдеткені үшін фармацевтикалық фирма өкілінен ақша алған. Орталық бухгалтері тауар үшін төлемді уақтылы аудармаған. Пара беру ұсынысын алған жеткізуші фирма өкілі сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның облыс бойынша департаментіне пара бопсалағаны туралы шағыммен жүгінеді. Орталық директоры ақша алу үстінде ұсталды.
Судья Жұмағұл Шөженов сотталушыны пара алғаны үшін айыпты деп таныды, оған айыппұл түрінде жаза тағайындады. Шенеунік өз айыбын мойындап, өкініш білдірді. Ол прокурормен процессуалдық келісім жасасты.
«Сот үкім етті: сотталушы пара алғаны үшін айыпты деп танылып, алған ақшаның 70 есе сомасы мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалсын. Мүлкі тәркіленіп, ол қосымша жаза ретінде өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылады», - деді үкімді оқыған судья Жұмағұл Шөженов.
Айыппұлды өз еркімен төлеу үшін бұрынғы шенеунікке бір ай берілді. Сот прокуратураның наразылығы бойынша айыппұлды бас бостандығынан айыруға ауыстыруға құқылы.