Қарағандыда парамен ұсталған ТЖД басшысының орынбасарына сот үкімі шықпады
Айта кетейік, Вадим Магамадов алған 200 мың теңге параны 12 миллион теңге көлемінде айыппұл ретінде төлеуге келісім берген болатын.
Судья Жұмағұл Шүженов кінәні мойындау туралы процессуалдық келісімде бірқатар қателіктер мен кемшіліктердің орын алғандығын анықтады.
Атап айтқанда, прокурор мен сотталушы пара сомасынан 60 есе көлемінде айыппұл төлеу түрінде жазаны өтеу туралы келіскен. Айыппұл 12 миллион теңгені құрайды. Заңға сәйкес, егер Магамадов айыппұлды мемлекетке ерікті түрде төлемесе, прокурор оны бас бостандығынан айыру жазасымен алмастыру мәселесін көтере алады.
Алайда судья жоғарыда аталған қылмысқа қатысты үкімді шығару процессуалдық келісімде жіберілген қателікке байланысты мүмкін болмайтындығын хабарлады.
Прокурор құжатта Магамадовты азаматтық қорғаныс полковнигі деп көрсеткен. Дұрысы азаматық қорғау полковнигі. Сондай-ақ процессуалдық келісімде қосымша жаза түрлерін тағайындау туралы ақпараттар көрсетілмеген екен.
«Жіберілген қателіктерге байланысты сот қылмыстық істі жаңа процессуалдық келісім жасау үшін прокурорға кері қайтаруға шешім шығарды»,- деді судья Жұмағұл Шүженов.
Еске сала кетейік, ҚР Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қарағанды облыстық департаменті ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің облыстық департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі В.Магамадовты ұстаған болатын. Ұлттық бюро баспасөз қызметінің хабарлауынша, Магамадов кәсіпкерлік субъектілерінде анықталған өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзушылықтары үшін айыппұлдардың сомасын заңсыз төмендетіп отырған, сонымен бірге ұйғарымдардың орындалу мерзімін созғаны үшін заңсыз сыйақы алған.