Қарағандыда полицей суға батып бара жатқан адамды аман алып қалды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда 2 маусым күні полиция майоры Дастан Азанбаев Федоров су қоймасында суға батып бара жатқан ер адамды аман алып қалды, деп хабарлайды ekaraganda.kz.

Қарағандыда полицей суға батып бара жатқан адамды аман алып қалды

Қарағанды облыстық Полиция департаментінің мәліметтеріне қарағанда, осы департаментке қарасты жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы Дастан Азанбаев түскі ас ішетін мезгілде өзінің інісімен бірге үйіне кетіп бара жатып, суға батқалы жатқан адамды байқап қалған.

Бұл кезде полиция қызметкерінің інісі жағалауда желіге салатын көрініс түсіріп жүрген. Аталмыш кадрлар интернетке жүктеліп, қала тұрғындары оны арнайы түсірілген көрініс деп наразылықтарын білдірген.

Расында полиция қызметкері суға батып бара жатқан адамға қарай жүгіре жөнелген. Ал полицейдің інісі бейнетүсірілімін тоқтатып, бірден полиция мен жедел жәрдемге қоңырау шалған.

Оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметкерлері аман қалған ер адамға медициналық көмек көрсетті.

Зардап шеккен азаматтың сөзіне қарағанда, ол су қоймасында балық аулап жүрген. Бір кезде шомылып алмақ болып, суға түскен оның аяғы тырысып қалған. Ол медициналық мекемеге жеткізілді.