Қарағандыда ретро көліктердің автошеруі мен көрмесі өтті
Әр көліктің өзіндік тарихы бар.
- Менде ел арасында «копейка» деп аталатын ВАЗ 2101 машинасы бар, - дейді көрмеге қатысушы Игорь Левичев. - Бұл машинаға 40 жыл толды. Ол маған атамнан қалған. Мен оның бірде бір бөлшегін ауыстырған жоқпын. Атам зауыттан шыққан бетте қалай сатып алды, сол беті жүр. Бүгінгі күні де онда еш ақау жоқ, барлығы тамаша. Мен онымен тіпті Балқаш пен Қарқаралыға да барып келемін, барлық жолдарға шыдайды.
Көрмеде бұдан да ескі раритет модельдер болды. Соның бірі - Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі «Виллис МБ».
- Мен бұл көлікті Қостанай қаласында тұратын бір кісіден сатып алдым. Ол осы машинаны соғыстан айдап келген екен. Ол жаңадан жасалған модель емес, - дейді көлік иесі Сергей. - Мен сатып алғанда мащина жүрмейтін. Қайта қалпына келтіру үшін үш жыл уақыт кетті. Өткен жылы көліктің «өз» бөлшектері: белдігі мен қорапшасына қарай отыра, сараптама жасаттым. Сараптаманың қорытындысына сүйенсек, машина1942 жылдың қазан айында шығарылған. Ол майдандағы шайқастарға қатысқан. Сондықтан мен оның өзінің бөлшектерін іздедім, түпнұсқа күйінде қалдыруға тырыстым. Мұндай машиналар КСРО-ға Америка құрама штаттарынан жеткізілген. Мен қазір мұнымен көп жүре қоймаймын. Ол менің жаныма жылу сыйлайтын көлік. Жолда жүргенде өзіне көп назар аудартады, адамдар суретке түсуді өтінеді.
Көпшіліктің назарына бөленген тағы бір экспонат - ел арасында «Козлик» деп аталып кеткен 1955 жылы шығарылған ГАЗ 69 көлігі болды. Оның иесі Ян Пашковский бұл машинаны бірнеше жыл бұрын сатып алған екен. Қазір онымен жұмысқа, қала сыртына шығады.
- Менде «Нива» да, шет елдік көліктер де болды. Бірақ ешқайсысы мына ГАЗ-дан асып түсе алмады, - дейді көлік иесі. - Мен оны қайта қалпына келтірген жоқпын, ол тамаша жұмыс істейді, жүреді, кез келген жолға төзімді. Мен оны ешқашан сатпаймын.
КСРО кезінде астамдықтың белгісі болған, көрнекі топтағы «Победа» машинасы да осы көрмеде көрсетілді. Қарағандылық Станислав Полудинскийге «Победа М20» атасынан қалған. Сатып алынғаннан бері бұл көліктің түсінен басқа ештеңесі өзгертілмеген, ауыстырылмаған. 60-шы жылдары оны жасыл түске бояған.
- Бұл керемет машина, - дейді Станислав. - Әдетте мен «Мерседеспен» жүремін. Бірақ, білесіздер ме, «Победа» жұмсағырақ жүреді, рөлі де гидрокүшейткішсіз болса да, өте жұмсақ. Бұл - отбасылық жәдігер. Атам оны қатты жақсы көретін. Бұл машина біздің отбасымызда мұра ретінде әкеден балаға беріліп отырады.