Қарағандыда рок жұлдызы Виктор Цойдың ескерткіші ашылады
Іс-шараға Виктор Цойдың әкесі - 79 жастағы Роберт Цой келеді. Олимпийская көшесіндегі ескерткішті «Ер Нур & Ника» қазақ-корей достастығы қоғамдық қоры қаржыландырды. Ескерткіштің нобайы ҚР Сәулетшілер одағы мен ҚР Суретшілер одағының қолдауымен жарияланған конкурс нәтижесінде таңдалып алынды.
«Біз тек ескерткішті орнатуды ғана қолға алған жоқпыз, сонымен қатар Қарағандыдағы Олимпийская көшесіндегі саябақты абаттандыру жобасын да жүзеге асырдық», - деді қазақ-корей достастығы қоғамдық қорының президенті Игнатий Тё.
Олимпийская көшесі кездейсоқ таңдалып алынған жоқ. Дәл сол жерде «Ер Нур & Ника» қазақ-корей достастығы қоғамдық қорының кеңсесі орналасқан. Ескерткіштің салтанатты ашылуынан кейін Кеншілер мәдениет сарайында рок жұлдызын еске алу концерті өтеді.