Қарағандыда шағын футболдан Қазақстан чемпионатының 4-туры өтеді
АЛМАТЫ. 10 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Қарағандыдағы "Жастар" спорт кешенінде 13-15 қаңтарда шағын футболдан Қазақстан чемпионатының 4-туры өтеді.
Қазіргі таңда 3 турдың қорытындысы бойынша 23 ұпаймен Алматының "Қайрат" клубы көш бастап келеді. Олар 7 ойында жеңіп, 2 ойында қарсыластарымен тең түскен. Алматылықтардан Қарағандының "Тұлпары" - 7, Рудныйдың "Аяты" - 14 ұпай кейін тұр. Астананың "Ұшқын -Искрасы" 9 ойында қоржынына 1 ұпай ғана салып, турнир кестесінің соңында тұр. Ал мергендер тізімінде қарсыластар қақпасын 11 рет дәл көздеген Александр Метёлкин (Аят) озық болып отыр. Үздік үштікке қайраттық Серік Жаманқұлов ( 9) пен аяттық Николай Казаков (8) та енген.
2010/2011 жылғы Қазақстан чемпионаты 20 қазанда Алматыда басталған еді. Екінші тур 3-5 қараша күндері Қарағандыда, ал үшінші тур 28 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Рудныйде өтті. Алда әлі 3 тур бар.